|
|
содержание .. 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 ..
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БҰҰ – соғыс және бейбітшілік мәселелеріне тиімділікпен ықпал ете алатын бірден-бір халықаралық органБіріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-ші сессиясы ресми түрде 18 қыркүйекте ашылған. Содан бері мұнда жұмыс қызып жатыр. Сессияның күн тәртібіне көз жүгіртсеңіз бас айналады – 160-тан астам мәселе қаралады екен. Олардың арасынан жоталанып көрінетіндері – бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, лаңкестікпен күрес, адам құқықтарын, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік және экономикалық даму, СПИД-пен күрес мәселелері. Ассамблея Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды қарастыруды да жалғастырады. 62-ші сессияның төрағасы болып бұрынғы Югославия Республикасы – Македонияның бұрынғы сыртқы істер министрі Срджян Керим сайланған.Осы жылдың маусымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың АҚШ-қа сапарына орай Вашингтонға жолымыз түскенде біз мұндағы көрнекті конгрессмендердің бірі Эни Фалеомаваегамен сұхбаттасқан болатынбыз. Айтқандай, ол кісі жақында біздің елімізге келіп кетті, екі ел арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін Президент Н.Ә.Назарбаев Эни Фалеомаваегаға бірінші дәрежелі “Достық” орденін табыс етті. Шет жағасы газетте (2007, 10 маусым) жарияланған сол әңгімеде конгрессмен АҚШ-тың Киото хаттамасына қосылмау себебі жайындағы біздің сұрағымызға да жауап қайтарған, Буш әкімшілігінің бұл қадамын құптамайтынын жасырмай айтқан. Біз Нью-Йоркке келіп түскен күні, 24 қыркүйекте ғаламшардағы климаттың өзгеруіне байланысты бүкіл адамзатты алаңдатып отырған осы мәселе Бас хатшының бастамашылығымен 62-ші сессияда арнайы қаралыпты. Мұның алдында жаһандағы климат ахуалы БҰҰ-ның штаб-пәтерінде де екі рет талқыланған екен. Ғалымдар мен сарапшылар ауа райының жаппай жылынуы ең алдымен адамның өндірістік қызметіне, атап айтқанда, буланатын газдардың атмосфераға көтерілуіне байланысты екенін қадап көрсетуде. Журналистерге таратылған ақпараттың өзі шошындырады: 1970 жылдан бері Жерді жаппай жылытуға соқтыратын булы газдардың көлемі 70 пайызға артқан екен, егер апаттың алдын алмаса 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш қазіргіден тағы да 25 пайызға көбейетін көрінеді. Мұхиттағы мұзтаулардың ери бастауы әлемдегі талай қаланы су алып кетуіне соқтыруы да мүмкін. 1997 жылы Киото хаттамасына қосылған елдер 2012 жылға қарай буланатын газдардың деңгейін 1990 жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға кемітуге уағдаласқан. Алайда ол хаттаманың мерзімі 2012 жылы бітетініне әрі АҚШ сияқты бірнеше белді мемлекеттің оған қол қоймауына байланысты бұл мәселе едәуір ушығып тұр. Дүйсенбі күнгі жалпы пікірталас барысында бұл мәселені талқылау желтоқсан айында Бали аралында жалғасатын болып шешілді.“Бүгін – Елбасы сапарының басты күні. Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің ең биік мінберінен сөз сөйлейді” – кеше Астанаға жолдаған алғашқы мақаламызды осылай аяқтаған едік. Иә, БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы – әлемнің ең биік мінбері. Адамзат тағдырының талай-талай мәселелерін шешкен осынау залдан кеше Қазақстан Президентінің дара дауысы дүйім дүниенің қиыр-қиырына сан тілде қатарласа тарап жатты.Сессияны БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун жиырма минөттік сөз сөйлеп ашты. Бразилия Президенті Л. да Силваның, АҚШ Президенті Дж.Буштың, Гана Президенті Дж.Куфуордың сөздерінен кейін төртінші болып кезек біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа тиді.– Мен баршаңызды сондайлық та алыс емес тарихқа қайта оралып, БҰҰ Бас Ассамблеясының ең бірінші қарары неге арналғанын еске түсіруге шақырғым келеді, – деп бастады сөзін Қазақстан Президенті.Бұдан алпыс бір жыл бұрын, 1946 жылы алғаш шақырылған БҰҰ Бас Ассамблеясы өзінің бірінші шешімімен Атом энергиясының ашылуына байланысты туындаған проблемаларды қарастыру үшін комиссия құрған болатын.Міне, сол уақыттан бері адамзаттың алаңдаушылығын азайта алатындай ештеңе дерлік болған жоқ. Керісінше, бүкіл осы жылдары ядролық қаруға ие болу жолындағы жанталас жалғасуда, бүгінде оған тіпті лаңкесшіл ұйымдар қосылып отыр.Әлемдік қоғамдастық халықаралық қауіпсіздік жүйесін реформалау қажеттігін әлдеқашан мойындаса да, айтарлықтай ілгерілеушілік жоқ.Бұл мәселелер бойынша халықаралық консенсустың жоқтығы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің кілт әлсіреуіне соқтырды. Тұтастай алғанда әңгіме халықаралық басқарымдылықтың жүйелік дағдарысы туралы болып отыр.Бәрінен жаманы мынау, әлемдік қоғамдастықта жаппай қырып-жою қаруының таралуын тоқтатуға қабілетті жария тетіктер барған сайын азайып барады.Бірінші кезекте Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) асимметриялық келісімге айналғанын мойындау керек. Онда ядролық емес мемлекеттерге ғана санкциялар көзделген. Ал енді ядролық державалар ядролық қару әзірлеуге тыйым салуға шақырса, онда олардың өздері атомдық арсеналды қысқарту мен одан бас тартудың үлгісін көрсетуі тиіс.Мұндай әділетсіздік жаппай қырып-жою қаруына ие болу ниетінен арылмаған мемлекеттер үшін түрткі себеп болып табылады.Біздің тұрғыдан мұндай ұмтылыс ақылға сыйымсыз екенін қосқан жөн.Қазақстан халқы атомдық жарылыстар салдарының бүкіл қасіретін өз басынан өткерген. Семей ядролық полигонында олар 456 рет жарылған.Сондықтан тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанның бірінші тарихи шешімі Семей ядролық полигонын жабу болды. Соның артынша әлемдегі қуаты бойынша төртінші ракеталық-ядролық арсеналдан бас тарту және оның инфрақұрылымдарын жою жүзеге асты.Айта кетейін, сол кезде бізде оқытылған қызметкерлер ғана емес, сонымен бірге іс жүзінде ядролық оқтұмсықтарды жеткізу жөніндегі құралдардың барлық түрлері бар еді.Бұл қадамдар жаһандық қауіпсіздік саласындағы біздің мемлекетіміздің стратегиясын айқындап берді. Адамзат тарихында алғаш рет сойқан салу күшіне ие ел өз еркімен одан бас тартты.Осы шешімімен Қазақстан әлемге сенім туғызғанына нық сенімдімін. Осының арқасында біздің елімізге бүгінде бүкіл әлем білетін дамудағы таңғажайып табыстардың негізі болған елеулі инвестициялар ағыла бастады.Біз осы қадамымызбен барлық ядролық державалардан қауіпсіздігімізге кепілдік алып, өз тәуелсіздігімізді нығайттық. Неге өзгелер де қару-жарақ шығаруға орасан зор қаражат жұмсағанша, біздің өнегемізді жалғастырмасқа?Алайда таралу үдерісіне моральдық, экономикалық және басқа себептермен қатар құқықтық тосқауылдар керек. Сондықтан Қазақстан Шартты жаңа нақтылықтарға қарай бейімдеуді ұсынады.Бұл соңғы жылдары халықаралық лаңкесшілдік әлемдік қоғамдастықтың қауіпсіздігін айтарлықтай әлсіреткені үшін әсіресе өзекті болып отыр.Лаңкесшілдікке халықаралық есірткі саудасы қаржылық тірек болуда. Бүгінде “лаңкесшілдік экономикасының” жыл сайынғы айналымының үштен бірі нақ осы есірткі индустриясына келеді.Лаңкесшілдік тұрақсыз және кедей елдерде өзіне орта тауып отырғаны жалпыға мәлім. Біздің өңірде Ауғанстан сондай ел болып табылады. Нақ осы елден есірткілерді сату барған сайын өсе түскен көлемде жүргізілуде.Кедей мемлекеттерге дамыған елдердің көмегі, нақты нәтижелерге жеткізе аларлықтай көмегі қажет.Осы таяуда ғана шетелдік көмектің реципиенті болған біздің еліміз экономиканың қауырт өсуі арқасында “жаңа нәрлендіруші” мемлекеттер тобына еніп келеді. Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда жыл сайын экономиканың өсуі 10% төңірегінде болды. Енді біз де көршілерге көмектесудеміз.Қазақстан Иракты қалпына келтіру және Ауғанстанда ахуалды тұрақтандыру үдерісі бетпе-бет келіп отырған қиындықтарға алаңдаушылық білдіреді.Қазақстанда Ауғанстан бойынша арнаулы бағдарлама әзірленгенін айтқым келеді. Ол ауған экономикасын инвестициялауды, гуманитарлық жобаларды іске асыруды қамтиды.Бүгінде бітімгершілік операцияларын жүргізу жөніндегі БҰҰ-ның күш-жігері өңірлік дағдарыстарды бейбіт реттеудің барынша тиімді құралы болып қалуда, деп жалғастырды сөзін Қазақстан басшысы.Бұдан 15 жыл бұрын Қазақстан осы мінбеден Ұйымның бітімгершілік әлеуетін нығайту жөнінде бастама көтерген болатын. Біз мемлекеттер өздерінің әскери бюджеттерінің бір пайыз қаржысын ерікті түрде аударуы есебінен БҰҰ-ның Бітімгершілік қорын құруды ұсынамыз.Бұл идея әскери мақсаттардың әлемдік шығынынан 1%-ын даму мақсаттарына қайта бағдарлауды ұсынған Бас хатшы Пан Ги Мун мырзаның тарапынан қолдау тапты. Бүгінде бұл сома триллион американ долларынан астамды құрайды.Бұл шешім БҰҰ-ның Мыңжылдық даму мақсаттарына жету жөніндегі стратегиясын іске асыру жолында маңызды қадам болар еді деп есептеймін.Бұдан кейін Мемлекетіміздің басшысы сессия отырысына қатысушы ханымдар мен мырзалардың назарын Қазақстанның БҰҰ-мен және оның мүшелерімен ынтымақтастық тұрғысынан маңызды мәні бар бірқатар мәселелерге аудартты.Бірінші. Қазақстан Бас Ассамблеяның климаттың өзгеруіне байланысты проблемаларды осы сессияның басым тақырыбы ретінде даралап көрсету шешімін құптайды.Осыған байланысты Тұрақты даму жөніндегі Йоханнесбург саммитінде ұсынылған біздің бастамамызға назар аудартқым және БҰҰ аясында Әлемдік экологиялық проблемалар реестрін жасауды тағы бір рет ұсынғым келеді. Бұл құжат экологиялық апаттарға қарсы күрес тетіктерін әзірлеуге көмектеседі.Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына қарай бір кездегі ішкі ірі Арал теңізі өз су массивінің төрттен үш бөлігін жоғалтты. Бұл теңіз төңірегінде тұратын миллиондаған адамдар үшін апатқа айналды. Теңіздің жалаңашталған табанындағы тұз экологияға зардап келтіре отырып, бүкіл Еуразияға таралуда.Орталық Азия өңірінің елдері теңізді қалпына келтіру жөнінде көп іс атқарды, алайда бұл проблеманы шешу бойынша әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін топтастыру керек. Сондықтан да мен 2002 жылғы Жер саммитіндегі секілді тағы да Аралды құтқарудың халықаралық қорына БҰҰ институтының статусын беруді ұсынамын.Екінші. Бүгінде әлемдік қоғамдастық үшін жаһандық энергетикалық дағдарыстың тереңдеуі және планетада қолайсыз климаттық өзгерістер қатерінің өсе түсуі аса өткір проблемалар болып табылады. Біз бұл проблемаларға “8 тобы” және АТЭҚ басшыларының алаңдаушылық білдіруін бөлісеміз.БҰҰ аясында Жаһандық энергиялық-экологиялық стратегияны әзірлеп, оны 2012 жылғы Тұрақты даму жөніндегі Бүкіләлемдік саммитте талқылау орынды болар еді, деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.Үшінші. Қазақстан бір бөлігі болып табылатын Каспий өңірі халықаралық энергетикалық рынокта барған сайын өскелең рөл атқаруда.Бүгінгі күні Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде 7-ші орын, газдың қоры бойынша – 6-шы орын, уран қоры бойынша 2-ші орын алады.2017 жылға қарай Қазақстан әлемдегі аса ірі мұнай өндірушілердің ондығына кіреді. Қазақстан елде өндірілетін газдың көлемін де ұлғайтуда. Уранның ірі қорына ие бола отырып, біз атом энергетикасын дамытуда маңызды рөл атқаратын боламыз.Бұл ретте Қазақстан жаһандық энергетикалық тепе-теңдік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген өз жауапкершілігін толық мәнінде сезінеді.Энергия тасымалдаушылардың тұтынушыларға жеткізілімін одан әрі әртараптандыру, сондай-ақ энергия ресурстарын өндірушілер үшін кепілдік беру мақсаттарында Қазақстан Энергия жеткізілімдерінің Еуразиялық тұрақтылық пактісін қабылдауды ұсынады, деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев.Төртінші. Қазақстан жерінде БҰҰ тарихында теңізге шығу жолы жоқ дамушы елдердің проблемалары бойынша алғашқы жаһандық конференцияның өткізілуі 2003 жылы халықаралық құжат – “Алматы іс-әрекет бағдарламасының” қабылдануына жеткізді. Ол осы елдер тобына көрсетілетін ықпалды көмекке септеседі деп білеміз.Бұл бағыттағы маңызды да қисындық тұрғысынан дәйекті қадам Қазастанда осы жылғы мамырда өткен БҰҰ-ның Азия мен Тынық мұхиты үшін Экономикалық және Әлеуметтік комиссияларының (ЭСКАТО) соңғы сессияларында қол жеткізілген өңірлік ынтымақтастықты және көлік-транзиттік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шешім болды, деп түйіндеді ойын Қазақстан басшысы.Бесінші. Азия туралы айтқанда континенттік ауқымдағы ұжымдық қауіпсіздік тетіктерін қалыптастыру тақырыбын айналып өтуге болмайды. Бұл Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы қазақстандық бастаманың іске асырылуы арқасында мүмкін болды.Айтпақшы, бұл ұсынысты мен нақ осы мінбеден 1992 жылы Бас Ассамблеяның 47-ші сессиясының барысында алғаш рет жария еткенмін.Бүгінде АӨСШК Азия аумағының 90 пайызын алып жатқан 18 мемлекетті біріктіреді. Бұл елдердің халқы бүкіл жер халқының жартысын құрайды. Уақыт АӨСШК үдерісінің қажеттілігін дәлелдеді, оның аясында Азия мемлекеттерінің саяси үнқатысуы қарқын алып келеді, деді Елбасымыз.Алтыншы. Біз БҰҰ қызметін реформалау жөніндегі бірлескен күш-жігерге қолдау білдіреміз.Біздіңше, Қауіпсіздік Кеңесін кеңейту тұрақты мүшелер секілді тұрақты емес мүшелер желілері бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Бұл ретте әділ географиялық өкілдік және мемлекеттердің егемендік тендігін құрметтеу негізінде де жүзеге асырылуы керек.Реформа сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің транспаренттілігі мен есеп берушілігін арттыру мақсатында оның жұмыс әдістерін қамтуы қажет.Бас Ассамблеяға БҰҰ-ның бас кеңесші, директивалық және өкілетті органы ретінде негізгі орын тиесілі болуы қажет дегенді Қазақстан басшысы атап айтты.Болмай қоймайтын “өркениеттер қақтығысы” туралы даңғаза болжамдардың көпшілігі, бақытымызға қарай, әзірге іске асқан жоқ. Алайда, конфессияаралық шиеленіс халықаралық лаңкестік пен діни экстремизмнің әлеуметтік базасын нәрлендіретінін айқын түйсінген жөн.Діндердің келісімін, этностық топтардың бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз ету жаһандық қауіпсіздікті сақтау үдерісінде аса маңызды басымдық болып табылады деп есептеймін.130 ұлт пен 45 діни конфессияның өкілдері өмір сүретін Қазақстан толеранттылықтың үлгісін көрсетіп отыр, ал ол Қазақстанда бейбітшілікті, тұрақтылық пен экономикалық ілгерілеуді қамтамасыз етудің шешуші факторына айналған.Біз өркениеттер мен діндердің жақындасуына бағытталған әрқилы халықаралық бастамаларды толықтай қолдаймыз.Әлемдік конфессиялар арасында осы заманғы дүние құрылымының түйінді мәселелері бойынша үнқатысуды жолға қою қағидаттық тұрғыда маңызды деп санай отырып, Қазақстан 2003 және 2006 жылдары Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің форумдарын өткізудің ордасы болды, бұл форумдарда діни мәртебелі тұлғалар өзара түсіністіктің тілін ғана емес, сонымен бірге планетаның “отты нүктелеріндегі” дінаралық шиеленісті тоқтату тетіктерін іздестірді.2009 жылы болатын Діни лидерлердің 3-ші съезі Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырымен өтуін ұсынғым келеді. Сондай-ақ таяудағы жылдардың бірін Біріккен Ұлттар Ұйымы Мәдениеттер мен діндер жақындасуының халықаралық жылы деп жариялауын ұсынамын, деп қадап айтты Елбасы.Тарих – бұл даталардың қасиетті қабысуы екені белгілі.Қалыптасуы солай болды да, бұрынғы Понтифик Иоанн Павел ІІ-нің біздің елімізге сапары 2001 жылғы қыркүйекке, лаңкесшілердің Нью-Йоркке және Вашингтонға шабуынан бірер күн кейінге келді.Сол кезде ол Америкадағы 11 қыркүйектегі қасіретті оқиғалар діндер арасындағы текетірестің себебіне айналмауы тиіс деп мәлімдеген болатын. Ол діндарларды өзара өштескен топтарға бөлгісі келетіндерге біз үйлесімділікті, төзімділік пен діндарлықты қарсы қоятын боламыз деді.Дүниеде өзара сенім мен ынтымақтастық негізінде шешуге болмайтын проблемалар жоқ екеніне сенімдімін. Мұны ұғыну үміт ұялатып, болашаққа деген сенімді нығайтады.Осы үмітті нығайтуда Біріккен Ұлттар Ұйымы айрықша рөл атқарады. Біз қауіпсіздік пен әділеттілікті қамтамасыз етуде БҰҰ секілді көп қырлы тетіктердің халықаралық құқықтылығының жариялылығы мен тиімділігіне сенбеушілікке қатысты күмәншілдікке салынбаймыз.Біз өзіміздің Ұйымды әлсіретушілікке қарсымыз. Қазақстан БҰҰ-дан соғыс және бейбітшілік мәселелеріне тиімділікпен ықпал етуге қабілетті бірден-бір халықаралық органды көре отырып, оның рөлі мен беделін көтеруге әзір мемлекеттермен ынтымақтастықта болады, деп аяқтады сөзін Мемлекетіміздің басшысы.Қазақстан Республикасы Президентінің сөзінен кейін халықаралық шарттарға қол қою рәсімі өткізілді. Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіге факультативтік хаттамаға, Ұрып-соғу мен басқа да адамдыққа жат, кісіні қорлайтын жаза түрлеріне қарсы конвенцияға факультативтік хаттамаға қол қойылды.Нұрсұлтан Назарбаев Франция Президенті Н.Саркозимен, Австрияның Федералды Канцлері Альфред Гузенбауэрмен, Еуропа Одағы Кеңесінің Бас хатшысы, жалпы сыртқы саясат пен қауіпсіздік жөніндегі мәртебелі өкіл Х.Соланамен, Босния мен Герцеговина Төралқасының төрағасы Ж.Комшичпен, Италия Премьер-Министрі Р.Продимен, Литва Президенті В.Адамкуспен, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті.Олардың бәрінде де маңызды мәселелер қозғалды. Мысалы, Франция Президенті Николя Саркози Қазақстанмен стратегиялық әріптестік орнату қажет деп санайтынын, біздің елімізді Орталық Азиядағы өңірлік көшбасшы ретінде танитынын, екі елдің арасындағы сауда айналымын тез арада екі есеге дейін өсіруге толық мүмкіндік бар екен деп білетінін, бұл үшін ірі француз бизнесін Қазақстанға тарту керек дегенді, Франция Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге ниетіне қолдау білдіретінін атап айтты. Өз тарапынан Нұрсұлтан Назарбаев Францияның қай тұрғыдан қарағанда да Қазақстан үшін маңызды әріптес болып табылатынын, екіжақты ынтымақтастық барлық салаларда өркен жаюға тиістілігін мәлімдеді.Италия Премьері Р.Продимен кездесу кезінде екі елдің экономикалық байланыстарын өрістете беру қажеттігі басты тақырыпқа айналды. Көп кешікпей Премьер-Министр Қазақстанға сапармен келетіндіктен бұл елдің біздегі мұнай компанияларына қатысты мәселелер сонда қаралатын болды. Алайда бұл жолғы кездесуде Қашаған кен орнына қатысты жәйттерге саяси астар берудің қажет еместігі атап өтілді.Құрама Штаттардың аса ықпалды саясатшыларының бірі, бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Генри Киссинджер журналистерге берген брифингінде: “Мен жаңа ғана Қазақстан Президентімен өте қызғылықты әрі пайдалы әңгіме өткіздім. Бұл әңгіменің жалғасын тағатсыздана тосатын боламын”, деп мәлімдеді.Елбасымыздың БҰҰ-ның жаңа Бас хатшысымен алғашқы кездесуіне орай ол кісі жөнінде тоқтала кеткен дұрыс болар. Пан Ги Мун БҰҰ-ның сегізінші Бас хатшысы. Бұл қызметке Корея Республикасының сыртқы істер және сыртқы сауда министрі болып тұрған жерінен келген. Ұйыммен баяғыдан байланысты. Кореяның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілдігінің бірінші хатшысы, БҰҰ-ның Сеулдегі бөлімінің директоры сияқты бірқатар қызметтер атқарған. Пан Ги Мунның ерекше көзге түскен уақыты – 2001-2002 жылдарда Бас Ассамблея аппаратының жетекшісі болған кезі. Сол тұсты Корея өкілі 11 қыркүйектегі қанқұйлы лаңкестік әрекетке байланысты алғашқы қарарды жедеқабыл дайындауға, қабылдатуға көп үлес қосқан. Әуелде дағдарыс жағдайында басталған сол сессияда БҰҰ-ның қызметіне қатысты бірқатар реформаларды қолға алуға кеңестер болған еді. Пан Ги Мунның қос Кореяны қосуға байланысты жасап жатқан азаматтық, перзенттік, дипломаттық қызметі де қыруар. Кездесу кезінде Қазақстанның негізгі халықаралық мәселелерге қатысты басты ұстанымдары да баян етілді. Біздің еліміз ядролық, радиологиялық, химиялық және биологиялық қару-жарақты таратудың жолын кесу жөніндегі көп векторлы стратегияны талдап-жасау идеясын қолдап қана қоймай, Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан алғашқы ел ретінде өз қызметімен бұл істе үлгі көрсетіп отыр. Ғарышты қарусыздандыру, ақпараттық қауіпсіздік, бейбітшілік орнату, қақтығыстардың алдын алу, құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету, лаңкестікпен күрес, есірткі тасымалына бақылау, өңірлік ынтымақтастық, БСҰ-ға кіру, теңізге шығатын жолы жоқ елдердің проблемалары сияқты бірқатар мәселелерде Қазақстанның ұстанымы айқын. Қазақстан Республикасы БҰҰ Хатшылығының қазіргі құрылымы, қағидалары мен жұмыс тәртібі Ұйымның бүгінгі таңдағы қажеттіктеріне толық сай келмейді деп санайды. БҰҰ-ның әкімшілік-қаржы жүйесі түбегейлі қайта құрылуы керек.Осындай кездесулерден кейін Елбасы Қазақстанның Тұрақты өкілдігі орналасқан ғимаратқа келіп, оны аралап көрді. Ашығын айтсақ, өкілдікке АҚШ-тың біраз конгрессмендері, Ресейдің бірқатар шенеуніктері, көптеген елдердің журналистері келген екен. Нұрсұлтан Әбішұлы ғимаратты аралап, өкілдік жұмысымен танысқан соң журналистермен кездесуге де уақыт тапты. Мемлекет басшысы Қазақстандағы ахуал туралы айтып берді. Сонымен бірге Тұрақты өкілдіктің жұмысына қанағаттанатыны туралы мәлімдеп, дипломаттардың жұмысына табыс тіледі.Кешегі түстен кейінге де бірқатар кездесулер жоспарланған. Астана уақыты бойынша түннің бір уағында бітетін ол кездесулер жөнінде келесі нөмірге жолданатын мақалада жазуға тура келеді. Қазірше осы елдегі саяси ахуал, сайлау алдындағы сапырылыс тірлік туралы әңгімелей отырайық.2006 жылдың 7 қарашасында өткен сайлау нәтижесінде Өкілдер палатасы мен Конгресс Сенатындағы басым көпшілік дауысқа демократтар ие болғаны, спикер орынтағына демократ Ненси Пелоси жайғасқаны белгілі. Қазіргі Президент пен Вице-президент – республикалықтар екені тағы белгілі. Өткен сайлаудағы үгіт науқанында республикалықтар негізгі күшті лаңкестікпен күрестегі, ұлттық қауіпсіздікті нығайтудағы жұмысты көрсетуге салса, демократтар өз насихатын билік басындағы республикалықтардың сыртқы саяси бағытын, әсіресе, Ирак мәселесіндегі олқылықтарды сынауға құрды. Олардың мұнысы өзін ақтады да. Сайлау нәтижесі бойынша демократтар Өкілдер палатасындағы 435 орынның 247-сін, Сенаттағы 100 орынның 51-ін алды. Екі партиялы жүйеде бір партияның олқылығының өзі-ақ қарсыластарына ұпайды үйіп-төгіп беріп жататыны болады. Буш әкімшілігінің Ирак мәселесін әлі шеше алмай келе жатқаны (америкалық әскерилердің адам шығыны қазірдің өзінде 3 мыңнан асып кетті), “Катрин” дауылының зардабын жою кезіндегі оралымсыздықтар, биліктің федералдық органдарындағы, атап айтқанда, Конгресстегі сыбайлас жемқорлық фактілері (олардың бірқатарының үстінен іс қозғалып жатыр екен) демократтардың сөзін өтімді етіп тұр. Президент Дж.Буштың, ол бастаған республикалықтардың экономикалық саясаты да көпшіліктің көңілінен шықпай отыр. Биылғы бірінші тоқсандағы ІЖӨ өсімі небәрі 1,3 пайыз болған, өткен жылдың төртінші тоқсанында 2,5 пайызды құраған. Америка экономикасына осындағы жұрттың тауарға әбден тойынып болуы да кері әсер етуде – мысалы, кейінгі жылдары автомобиль мен компьютер сатып алу көлемі күрт түскен (қырсыққанда, ескі көліктерді жинап алып кететін ТМД елдері де алыста жатыр). АҚШ-тағы ипотека дағдарысы Батыс Еуропа елдеріне қандайлық соққы болып тигенін көріп отырмыз, оның тіпті бізге де әсер етуі ғажап емес. Ирак мәселесі деген қиын түйіннің қалай шешілуі келесі жылғы сайлауда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Қазір Буш әкімшілігі Ирактағы әскерді 21,5 мың адамға арттыруды көздеп отыр, ол жақта онсыз да 150 мың американ солдаты жүргеніне қарамай “Аль-Каиданың” Ирактағы жетекшісі Аль-Заркавидің көзі жойылғаны республикалықтардың Ирак мәселесіндегі жағдайын біршама түзегені де рас. Америка Құрама Штаттарының Ресеймен, Қытаймен қарым-қатынастарында да түйінді тұстар табылады… Осындай күрделі жағдайда біздің еліміздің әуел бастан таңдап алынған көпвекторлы сыртқы саясатты көңілдегідей ұстанып келе жатқанына іштей тәубе айтасың. Қазір Ақ үй Үлкен Орталық Азия деген тұжырымдама ойлап тапқан, оған сәйкес осы өңірге ерекше назар аударылып отыр. Вашингтондағылар Қазақстан “демократия мен нарық Орталық Азияда, Азияда, тұтастай алғанда ислам әлемінде жүзеге асатындығының нақты үлгісі” деп қарайды. “Президент Назарбаев тек өңірлік қана емес, жаһандық ауқымдағы ойыншы екенін көрсетті. Оның Мәскеу, Бейжің мен Вашингтонның арасында, ұлттық мүдделерін алға тоса отырып, өз бағытын шеберлікпен әрі барған сайын арта түсіп отырған сенімділікпен жүргізуі біз үшін өте маңызды”, дейді мұндағылар. Сырт көз – сыншы деген осы.
содержание .. 29 30 31 32 33 34 35 36 37 38 39 40 ..
|
|
|